Бүгінгі сүрген өміріміз – ертең тарих. Қайтып оралмайтын келместің еншісінде. Ал, тарихты білу, ата-бабаңның жүріп өткен ізін білу, тегіңе назар салу – қазақтың қанына ғана дарыған ерекше қасиет. Ешбір елде жеті атаны дәріптеу, жеті атаға дейін қыз алыспау деген қағидат жоқ. Сондықтан тек біздің ұлтқа ғана тән текті деген үлкен сипат бар.

Негізі сөзден сөз туа береді, сөз сөзді қуалай береді ғой, айтпағым бабаларым туралы болатын. Әкемнің ойында жүрген біздің отбасыға тиесілі шежірелі тарихты келер ұрпақ керегін алар деген ниетпен қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

Баба атам – Тасан, шамамен 1870-1932 жылдар аралығында өмір сүрген, ата қонысы Науырзым өлкесі. Қазіргі мемлекеттік табиғи қорығымызға айналған ерекше жерді қоныстанған екен. Атамыз өз кезінде Тасан «бай» деген атпен танылған, үйірлі жылқысы, қалың қара малы бар тұрмысы қуатты кісі болған деседі. Бас алты баласы, үш әйелі болған екен. Өз заманында дәулетті атамыз ауылындағы кедей отбасыларға көмек қолын беріп отырған, сонау облыстан газет-жорналдар алдырып, оқып, оқып қана қоймай әр ақпаратпен жанындағылармен бөлісіп отыратын сауатты, көзі ашық кісі болған екен. Кезінде шамамен 1920-1930 жылдар аралығында қатар отырған ағайынды екі ауылдың балаларына (Құдайберді мен Итеңменнің) мұғалім жалдап арабша хат танысын деп оқытқан екен. Олардың ішінде Смағұлдың Қыпшағы, Ермекбайдың Көшегі, Шораның Аманболғаны, Рақымжанның Төлеутайы, Есмағанбеттің Ағытай және Нөкетай деген балалары осы атам ашқан мектепте өз сауаттарын ашқан деседі. Және осы балалар (қазірде өмірден өткен) көзі тірісінде осыны әңгіме етіп отыратынын, әкем бала күнінде естуім бар дейді.

Әкем көп деректерді қазірде өмірден өтіп кеткен ауылдас қариялардың аузынан естіп білсе, кейбір нақты деректер Есмағанбетов Ағытай деген атамыздың жазып кеткен «Дүние бір қисық жол бұраңдаған...» атты өмірбаяндық кітабынан алынған. Кезіндегі ауданымыздағы Түркебай мешітінің имамы Кәкімбек Бектемісұлы атамыздың жазып шығарған естелік кітаптарында да Тасан атамыз туралы жазылған деректер көптеп кездеседі.

Науырзым орманының ішінде, Жарманның маңайында Тасанның көк терегі деген жер бар. Ол жерде кәдімгідей жайқалған жасыл көк теректер өсіп тұр деседі. Және бұл теректер сирек кездесетін ағаш деген де сөздер бар. Тасан атамның ата қонысы нақты сол көк теректің маңайы болғандықтан, халық Тасанның көк терегі деп атап кеткен екен. Жанында тұз беретін сор бар. Ол сор кәдімгі ас тұзын шілденің шіліңгір ыстығында бетіне шығарады екен. Сол тұзды атамыз иеленіп, жинап, ауыл адамдарын тұзбен қамтамасыз етіп, артылғанын сатып пұлдаған көрінеді.

Атамыздың атын шығарған «Тасанның қос күреңі» деген бәйгеге қосқан, бәйге алып жүрген аттары да болған екен. Бір сөзбен айтқанда бабамыз жан-жақты, оқыған, сауатты, әділ, дәулетті өз заманында бірнеше ауылдың қамын ойлаған көзі ашық кісі екен. 1930 жылдардан кейін байларды кәмпескелеу басталғанда бас сауғалап, бала- шағасын елге тастап, Қытай асуды ойлаған екен, ойы жүзеге аспапты. Қытайға жетпей ұсталып, сол шекарада атылған көрінеді. Сондағы бар жазығы, бай, дәулетті болғандығы. Қысқаша тарих осындай. Келер ұрпақ білуі керек мәлімет екені сөзсіз. «Жеті атасын білмеген жетесіз...» деген атқа қалмайық. Өз шыққан тегімізді білейік, дәріптейік.

Тікелей ұрпағы Жадыра Тасанова Науырзым ауданы Тілдерді оқыту орталығының директоры

Республиканское государственное учреждение
"Наурзумский государственный природный заповедник"
Комитета лесного хозяйства и животного мира Министерства сельского хозяйства Республики Казахстан

Контакты

Телефон
+7 7145 421141
Адрес
с.Караменды, Казбек Би, 5 Карамендинский с.о. Hаурзумский район Костанайская область Республики Казахстан