Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетін, қоғамның сеніміне селкеу түсіретін қауіпті құбылыс. Ол әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын әлсіретіп, адал еңбек пен кәсібиліктің бағасын төмендетеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта қабылданған заңнамалық актілер мен мемлекеттік бағдарламалар қоғамда ашықтық пен айқындықты қалыптастыруға бағытталған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметтің адалдығын қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінде қызмет ететін мамандар үшін де адалдық пен жауапкершілік – басты қағидат. Қорық қызметкерлері табиғи байлықты қорғап қана қоймай, заң талаптарының сақталуын, қоғам алдындағы ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Қызмет барысында кез келген заңсыз әрекетке жол бермеу, мемлекеттік мүлікке ұқыптылықпен қарау, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдаланбау – әрбір қызметкердің кәсіби борышы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру отбасынан, білім беру мекемелерінен және еңбек ұжымдарынан басталады. Әр азамат заңды құрметтеп, әділдік қағидаттарын ұстанғанда ғана қоғамда сенім мен тұрақтылық орнайды.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір реттік науқан емес, бұл – үздіксіз жүргізілетін ортақ жұмыс. Әрқайсымыз өз орнымызда адалдық танытып, заң талаптарын сақтай отырып, әділетті қоғам құруға үлес қоса аламыз. Адал еңбек пен таза ниет – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі.