Бүгін 1-сәуір – Халықаралық құстар күні. Аталмыш мерекеге орай, Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы, аудандық орталықтандырылған кітапхана, "Науырзым" Қоғамдық - экологиялық бірлестігі" ҚБ, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Науырзым ауданының білім бөлімінің Балалар шығармашылығы үйі» КММ бірлесіп, «Құстар табиғаттың көркі» тақырыбында мерекелік іс-шара өткізді.
Мақсаты: Оқушыларға өлкемізде кездесетін құстар жайлы түсінік беру және олардың пайдасы туралы айту, экологиялық тәрбие беру, өз елді мекеніндегі сирек кездесетін, жойылып кету қауіпі бар құстарға қамқор болуға баулу.
Жалпы, Халықаралық құстар күні 1906 жылы құстарды қорғау бойынша конвенцияның бекітілуіне байланысты атап өтіледі. Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға, құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталған.
Елімізде 2006 жылдан бастап, «Жыл құсын» тағайындау дәстүрі жалғасын тауып келеді. Биылғы 2024 жылдың, Жыл құсы деп, маубас жапалақ танылды. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) мүшелері осы жылдың құсын анықтауда маубас жапалақ пен қара сайрақты қатар қойып дауыс бергенде алғашқысы 83%-бен озып шыққан.
Бүгінгі таңда, Науырзым қорығы сирек кездесетін және ерекше қорғауға алынған құстардың ыстық ұясы болып кеткен. Оның себебі, Науырзым қорығының су-батпақты жерлері құстардың ең мықты миграциялық маршруттарында орналасқандығы және көші-қон құстардың патшалығы болып табылатындығы. Қорығымызда, бүгінде құстардың 319 түрі тіршілік етеді, оның ішінде 36 түрі сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түр ретінде танылып, Қызыл кітапқа енгізілген.
Құстар күніне арналған іс-шара барысында қорығымыздың аға ғылыми қызметкері, «Науырзым» Қоғамдық - экологиялық бірлестігі" ҚБ төрағасы Батряков Ришат Рафкатович өлкеміздің құстары жайлы оқушыларға баяндап берді. Сондай-ақ, дала қыранын сақтауға бағытталған жоба барысында, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды. Оқушыларға викториналық сұрақтар қойылып, мақал-мәтелдің жалғасын тауып айту тапсырмалары берілді. Оқушыларға естелік ретінде күнтізбе мен буклеттер таратылды.