15 желтоқсан күні Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы Экология ағарту бөлімінің "Жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды қорғау" жоспарына сай, Науырзым ауданының білім бөлімінің Балалар шығармашылығы үйінің оқушыларымен, "Шыршаны қорғайық" тақырыбында танымдық кездесу өткізілді.
Мақсаты: оқушыларға өлкемізде өсетін қылқан жапырақты ағаштардың түрлерін, оның ішінде денсаулық ағашы аталып кеткен шырша ағашының ерекшеліктері жөнінде мағлұмат беру. Оқушыларды шыршаны қорғауға, оған барынша қамқор болуға шақыру. Балалар осы кездесу барысында, бар болғаны бір күнгі мерекенің сәнін кіргізу үшін ғана пайдаланып, кейіннен лақтыратын шырша ағашының өте баяу өсетінінен хабардар болып, өз-өздеріне "Осы бізге шынымен керек пе?"деген сауал қойды. Жылдағы дәстүрді бұзғысы келмеген оқушылар үйлерінде ата-аналарымен тек жасанды, пластиктен жасалған шыршаны ғана безендіретіндіктерін, ал орманымыздың көркі-сұлу шырша ағаштарын көбейту керектіктерін айтып, тарқасты.