Сейден Қазбайұлының Науырзым қорығындағы еңбек жолы туралы баласы Ғилымхан Сейденұлының әңгімесі
(1937-1966жж)
Біз Үмбетей ұрпағы боламыз. Бір бөлігі Ақкөлде, біз Сыпсың елінде Науырзымда тұрдық деп отыратын әкем. Туып өскен жері Сыпсың өлеңді елі, ертеде колхоз Брінші май болып аталған.
Ер жеткен соң Қазбайұлы Сейден Мұқышқызы Айшаға үйленіп 1937 жылы мен дүниеге келген екенмін. Әкем Өлеңдіде бригадир болып жеті жыл жұмыс жасап денсаулығына байланысты, өз еркімен бригадирлікті тапсырып Науырзым орман шаруашылығы заповедник территориясына Ақсуатқа көшіп кетеді. Себебі біз Ахмет Байтұрсыновтың ұрпақтарынан боламыз. Туыс тумалары қудаланып халық жауы деп жер аудара бастайды. Калхозда ағайымды ұстап он жылға соттап жіберді. Ендігі кезек маған келген шығар деген күдікпен әкем ешкімге айтпай Ақсуатқа заповедникке барып директоры Геросимовке кіріп жұмыс сұрайды. Орын жоқ, барсаң Тірсек жерінде екі үй бар сол жерге барасыңба - дейді.Әкем қуана келісіп ешкімге көрінбей оңаша жерде болайын деп, сол Тірсекте он жыл жұмыс жасады. 1966 жылы зейнеткерлікке шыққанша Науырзым қорығында орманшы болып қызмет етті. Ол кезде Науырзым орман шаруашылығы бір кездері заповедник болып тұрды дейді әкем.
1942 жылы армияға алынып Ұлы Отан соғысында мергендер батальонында Ленинград майданы Волковта оң қолынан жарақат алып 1943 жылы елге оралады. Осы Ұлы Отан соғысында еңбек еткені үшін бірталай медальдармен марапатталған.
Әкем қол қайырымы мол, ел арасында сыйлы, сөзшең, ақкөңіл, көне әңгіме хиссаға шешен кісі еді. Әскерден келген соң елге барғысы келіп 1951-1953 жылдары Науырзым қорығы Қарамайшыда екі жыл орманшы болып тұрды. 1953 жылы Сталин қайтыс болған соң ешкім енді қудаламас деген үмітпен елге Сыпсыңға қайта көшіп келді. 1962 жылы жаңа совхоз Соснов болып құрылды.
Әке шешеден бес бауыр болдық, мен бесіншісі Ғыйлимхан Сейденұлы.
Әкемнің балаларына деген қамқорлығы аса биік еді, қызғаншақтық не болмаса басқалармен бақталасатын кезін көрген емеспін, қолы ашық жомарт кісі еді. Әке-асқар тау деп бекер айтылмаған, басына қиын іс түскенде демеу беріп, әкелік күш қайрат беретін адамың болса қандай жақсы. Қиналған сәттерінде, жанын аналық мейірімділікпен қоса әкелік қамқорлықты да сезініп өстік. 1990 жылы алланың берген 87 жасында әкем дүниеден өтті.