Бүгінгі қоғам алдында, адамзат алдында тұрған негізгі мәселердің бірі-экологиялық мәселелер, табиғатты қорғау және табиғи байлықтарды үнемді пайдалану. Қазақстан Республикасының өркениетті ел атанып, экономикасы қарыштай дамып отырған кезеңде, болашаққа көз жүгірте отырып, экологиялық мәселені жоспарламау мүмкін емес. Адамның қоршаған ортамен тығыз байланысы, ауаның, судың, топырақтың ластануы, табиғат ресурстарының азаюы, биосфера тепе-теңдігінің бұзылуы, өсімдік, жануар түрлерінің азаюы, адам денсаулығына, өмір сүру жағдайына кері әсерін тигізуде.
Республиканың орнықты дамуын қамтамасыз етудің және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызды құрамдас бөлігі халықтың барлық топтарының хабардар болу деңгейін арттыру болып табылады, оған экологиялық білім беру мен тәрбиелеу арқылы қол жеткізіледі, нәтижесінде қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырады. Қоршаған орта жағдайының нашарлауының себептерінің бірі экологиялық білімнің жеткіліксіз деңгейі және халықтың экологиялық мәдениетінің төмен деңгейі болып табылатыны белгілі. Сондықтан да біз қалың бұқараны қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық біліммен сусындатып, экологиялық мәдениетке баулуымыз керек. Халық арасында энергияны, суды және басқа да табиғи ресурстарды пайдалануға жауапкершілікпен әрі үнемді көзқарасты, тұрмыстық қоқысты одан әрі өңдеу үшін оны бөлек жинау әдетін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға байланысты тақырыптарды білім беру ұйымдарының оқу жоспарларына толыққанды енгізу қажет.
Ресурстарды пайдалану және экологиялық проблемалар мәселелерінде халықтың хабардар болуын арттыру үшін кең ауқымды ақпараттық науқан жүргізу және білім беру бағдарламаларын енгізу қажет.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ағарту министрлігімен бірлесіп экологиялық білім беруді арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Экологиялық білім берудің негізгі мақсаты – адамның табиғатқа, оны сақтап қалуға жауапкершілігін арттыру, тиімді пайдалана білу. Адам өзінің жалпы экологиялық мәдениетін қалыптастырып, үздіксіз экологиялық білім алуы керек.
Бүгінде, жалпы білім беретін мектептерде экологиялық сағаттар, сыныптан тыс жұмыстарда келесі ақпараттық-экологиялық, әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізіледі: акциялар, көрмелер, мектеп пен оған іргелес аумақты үздік көгалдандыруға арналған конкурстар, экологиялық бастамалар, жергілікті тұрғындарға экологиялық білім. Барлық осы шаралар халықтың мінез-құлық моделін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік береді.
Экология – табиғат пен адамның түйісер жері. Экология мәселесі –адамзаттың болашағымен тығыз байланысты. Адамдар экологиялық сауатты болу керек. Сондықтан оларға жастайынан экологиялық білім мен тәрбие берілуі тиіс.
Халқымыздың біртуар ұлдарының бірегейі, ғалым Ш.Уәлиханов: « Табиғат пен адам! Өзіңіз айтыңызшы, тіршілікте одан ғажап, олардан құпия не бар? Қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттағы кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттардың киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым жоралғысын жасап тұру адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі» деп атап көрсеткен.
Бала кезінен бастап әр адам жер, су, ауа туралы байыпты ойланып, оларды сақтауға тырысатын уақыт келді. Табиғатқа зиянымызды тигізбей, қоршаған ортаны аялауға өзіміздің кішігірім үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін табиғи ресурстарды пайдалануды сәл азайтсақ болғаны. Мысалы, жеке көліктен қоғамдық көлікке ауысу, тіс тазалағанда су ағып тұрған кранды жабу, үйдегі шамдарды энергия үнемдейтін шамдарға алмастыру, қоқысты сұрыптау, пластик пакеттерді қолданбау...
Планетаның өкпесі – жасыл желектер. Бір ағаш 2 литр оттегін шығара алады, бұл бір адамға үш күнге жетеді. Бір отырғызылған ағаш 1000 кг парниктік шығарындылардың орнын толтыратыны белгілі. Жайлы өмір сүру үшін планетаның әр тұрғыны жылына кемінде 14 ағаш отырғызуы керек. Әрбір қазақстандық отбасында еліміздің өркендеуі үшін экологиялық тұрақтылықтың символына айналатын ағаш отырғызу дәстүрі жалғасын тапса, керемет!
«Тәрбие басы-тал бесік!» дегендей, балаларымыз балабақша жасынан, отбасында ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз, Ұлыларымыздың салып кеткен сара жолдары арқылы тәрбиеленсе, өзінің өмір сүріп отырған ортасына жауапкершілікпен қараса, өсіп тұрған ағашынан, ұшқан құсына, жыбырлаған жәндігіне дейін қамқор болуға дағдыланса, нұр үстіне нұр болар еді.