
Жүргізуші мамандығы — көлік пен табиғат арасындағы көпір. Науырзым алқаптарына кең шығып, қиырқиыр жолдардан өтетін кез келген жүргізушіге жауапкершілік пен табандылық қажет. Осы жолда Науырзым қорығында қоршаған ортаны қорғау саласында жүргізушілік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген— Какенов Серік Халижанұлын мақтанышпен айтуға болады. Серік ағамыз жүргізушілік қызметті таңдап, темір тұлпарды алғаш тізгіндеген еңбек өтілі 1987 жылы Көктал совхозында тракторшы болып орналасып, жұмыс атқарған кезден басталды. 1989-1991 жылдары № 26 Науырзым ауданының ауыл шаруашылық кәсіптік училищесінде тракторист машинист курсын бітірген ағамыз 1991-1992 жылдары Докучаев ауылында «Казахстан» Агропромбанкының акционерлік коммерциялық бөлімшесінде жүргізуші болып жұмыс атқарды.
1993-1994 жылдары Науырзым аудандық мәдиниет бөлімінде жүргізушілік қызмет атқарып, 2002 жылдан бастап «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында жүргізуші болып жұмыс істеп келеді.
«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы», демекші Серік ағамыздың әкесі марқұм Халижан атамыз да осы Науырзым қорығында жылдар бойы жүргізушілік қызмет атқарып өз ісінің майталман шебері атанған жан. Ұрпақтар сабақтастығын, әкесінің салып кеткен сара жолын абыроймен жалғап келе жатқан Серік ағамыз бүгінде өзі қызмет етіп келе жатқан Науырзым қорығында елеулі еңбегімен танылып, қоршаған ортаны қорғау саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Даласы жартылай шөлейтті, құмдақтығымен танымал Науырзым жерінің жолжағдайларына бейімделе отырып, өзіне жүктелген әрбір істі жауапкершілікпен қарап, ол әр сапарын абыроймен атқарды.
Жолда жүрген кезде техникасын жақсы меңгерген, көлік жағдайына жауапты Серік ағамыздың басты ұстанымы - «Әрбір жолаушыны немесе жүкті қауіпсіз жеткізу» - болды. Жүргізушінің рөлі ұжымда көрінбейтін болса да өте маңызды! Қыс мезгілінің саршұнақ сары аяздары, бет қаратпас борандары, жаз болса әуе айналып жерге түсер ыстық күндерге толы табиғаттың тосын мінездеріне мойымай, дер кезінде көліктің болуын қамтамасыз ету — барлығы да ағамыздың қайыспас қайсар мінез, үлкен жауапкершілік иесі екендігін дәлелдейді. Сонымен қатар, көктем, жаз кездерінде алаңды көгалдандыруда өз үлесін қосып, оны үнемі суаруда өзінің көлігімен су жеткізуге ат салысады.
Какенов Серік Халижанұлының жолында — табиғаттың сұлулығы да, жолдың қиындығы да бар. Жүргізуші мамандығына қажет табандылық пен жауапкершілік сынды қасиеттерді тоғыстырған Серік ағамыз кім-кімге болса да еңбек адамының жарқын үлгісі болары ақиқат.
Ұжым арасында беделі жоғары Серік ағамыз, әрдайым жастар үшін тәлімгер.
Жылдар бойы төгілген тер, ерен еңбек дер кезінде бағаланып, 2017 жылы Серік ағамыз «Науырзым ауданының төтенше жағдайлар бөлімі» Құрмет грамотасымен, 2019 жылы «Орман шаруашылығы саласындағы жоғары көрсеткіштері, кәсіби шеберлігі үшін» , «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директорының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің төрағасының м.а. Н.Жүнісовтың «Орман шаруашылығы саласындағы жоғары көрсеткіштері, кәсіби шеберлігі сала алдына қойылған міндеттерді шешуге жеке үлес қосқаны үшін» Құрмет грамотасы табысталды. Серік ағамыз бүгінде үш баланың асқар тау әкесі, отбасының тірегі, бүтіндей бір әулеттің мақтанышы.